Бір топ депутат жылыту маусымына дайын болмаған үкіметті сынады. Министрлерге жиындарды қысқартып, жылы кабинеттен шығып, осы аязды күні халықпен бірге болыңдар деп кеңес айтты.
«Бірінші күні-ақ аяз түскенде еліміздің коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отыр. Рас, республика бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары мен инфрақұрылым 80 пайыздан асып кетті. Ал олардың көбін біз 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Бұл қауіпті жағдай. Былтыр Екібастұз, Риддер, Балхаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар қордаланған мәселелердің айқын көрінісі. Бұл тізімге Сарань қаласы қосылды. Техногендік қауіп-қатердің географиясы геометириялық прогрессиямен өсіп барады. Соған қарамастан, біз жылына бұл салада тек 5-7 процентке ғана жаңарып отырмыз. Бұл тіпті, елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды. Олай жалғаса берсе, жылу энергетикасындағы коллапс орнауы мүмкін. Шіріген құбыр, ескірген қазандық, «кеңестік заманнан қалған» сорғыларды ауыстыратын уақыт өтіп кеткенін бәріміз білеміз», -деді депутаты Ерлан Сайыров.
Олигархтар протекцияны пайдаланып, өздері пайдаға кенеліп, шығынды мемлекет пен халыққа ысырып тастаудың дәстүрін тыятын кез жетті деп санайды депутаттар. Бұл саладағы әрбір жемқорды қатаң жазалау керек дейді олар.