20.12.2023 2030 жылға қара су тапшы болады

Депутаттар су мәселесін талқылауға келгенде аса белсенділік танытты. Жаңадан құрылған министрлікке сауалдары көп. Ауыз суды қаладан тасып ішуге мәжбүр Астана маңындағы халықтың мұңын билікке былай жеткізді.

«Бүкіл елді айтпай-ақ, Астана маңындағы ауыл-аймақ тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінен зардап шегіп отыр. Мысалы, Аршалы ауданы Жібек жолы, Целиноград ауданы Қараөткел аудандарының 40 пайызы ғана ауыз сумен қамтылған. Егіндікөл және Талапкер ауылдарында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Себебі сумен жабдықтау желілері 15-тен 40 пайызға дейін тозығы жеткен. Бұл ауылдар ауыз суды Астанадан тасуға мәжбүр. Ауыл тұрғындарының көлігінің арты толған бөшкелер. Осыған орай менде сұрақ - Жібек жолы, Қараөткел, Талапкер ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қандай шаралар атқарылды және ауыз су мәселесі қашан шешіледі?»,-деп сұрады депутат Үнзипа Шапақ.

Министр Нұржан Нұржігітов былайша жауап берді. 

«Талапкер ауылдары бойынша жұмыс биыл басталды. Су топтық құбырларын жөндеу үшін 500 млн теңге қаражат бөлінді. Мердігер анықталды. Келесі жылы қосымша 4 млрд теңге қосымша бөлінеді. Аяқтау үшін тағы 5 млрд теңге бөлінеді. 2025 жылы жұмыстар толық аяқталады».

Министрдің бұл уәдесі орындалып, Астана маңындағы мыңдаған халық жақын арада таза ауыз суға қол жеткізеді деген көпшіліктің көкейінде бір үміт бар.